Дәрігер мамандығы – аса жауапкершілікті, шыдамдылықты, өз ісіне деген сүйіспеншілікті қажет ететін ұлы мамандық. Арыстандай еш нәрседен қорықпайтын өзінің бойын қорқыныштың баурап алуына жол бермейтін,өз ісіне сеніммен қарай білетін, науқастарға мейірімін төге білетін, мейіріммен қарай білетін жан болуы тиіс.


Жоғарыда көрсетілген қасиеттерге ие, Гиппократқа берген антына адал болып, талай ата-ананың, талай бүлдіршіннің алғысына бөленіп жүрген, халық игілігіне аянбай еңбек етіп жүрген ақ халатты абзал жандардың бірі де, бірегейі облыстық мамандандырылған сәби үйінің балалар дәрігері Скакова Нұргүл Жанайқызы. Нұргүл Жанайқызы 1974 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. 1992 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтына «Педиатрия» факультетіне түсіп, оны 2000 жылы бітіріп шықты. Жалпы еңбек өтілі 22 жыл. Еңбек өтілін сол жылы Қызылорда қалалық № 6 емханада дәрігер – педиатр болып бастаған. Өзі қызмет жасаған кезінде қалалық денсаулық сақтау бөліміне қарасты емдеу және алдын-алу мекемелерінің жұмысын жақсартуға біршама үлесін қосты.


2018 жылдан бері Облыстық мамандандырылған сәби үйінде балалар дәрігері болып жұмыс жасап келеді. Осы Сәби үйінде қызмет жасаған кезінде Сәби үйінің жұмысының жақсаруына, бала күтімі мен тәрбиесіне, денсаулығына, алдын-алу шараларының өз деңгейінде жүргізілуіне үлесін қосып, аянбай еңбек етті және қызметкерлерге де үлкен талап қоя білді. Сонымен қатар басқа да қоғамдық іс – шараларға белсене араласып, өзі қызмет жасап отырған ұжымның беделінің көтерілуіне, абыройына аса мән беретін беделді, қызметіне адал, жауапкершілігі жоғары маман. Осы тынымсыз еңбегі бағаланып, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бірнеше рет алғыс хатымен, облыс әкімінің «Құрмет грамотасымен», Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төс белгісімен марапатталды.