Мәдреймов Марат Қилыбайұлы 2015 жылы Ақтөбе қаласындағы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің қоғамдық денсаулық факультетін ойдағыдай бітіріп, еңбек жолын сол жылы Ақтөбе облыстық кеңес беру – диагностикалық орталығында дәрігер статистик болып бастаған. 2015 – 2017 жылдар аралығында Ақтөбе облыстық кеңес беру диагностикалық орталығында дәрігер статистик, Жылжымалы медициналық кешеннің жетекшісі қызметтерін атқарған. 2017 жылы туған елге оралып, Қызылорда қаласындағы облыстық балалар ауруханасында дәрігер эксперт болып қызмет атқарды.
2020 жылдан бастап облыстық мамандандырылған сәби үйінде дәрігер аудит қызметін абыроймен атқаруда. Қазіргі таңда ел медицинасы үшін медициналық қызметтің сапасын бақылау қызметтері, оның ішінде дәрігер аудит мамандары жұмысының орны бөлек, себебі халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттыру мемлекетіміздің алдына қойған басты мақсаттарының бірі болып табылады. Және де медициналық мекемелерде көрсетіліп жатқан медициналық көмектің сапасына әрдайым мониторинг жүргізіп, бақылап, емделушілерден және олардың туыстарынан түсетін өтініш, шағымдарға уақытылы ден қойып, талдап, оңтайлы шешімін табу да оңай шаруа еместігі анық. Сол себепті де барлық медицина қызметкерлерін келе жатқан төл мерекелерімен құттықтап, қиын да қызықты кәсіптеріне береке тілеп, халыққа жасап жатқан еңбектері үшін әрдайым алғысқа бөленуін тілейміз.