Маусым айының үшінші жексенбісі Қазақстан медицина қызметкерлерінің төл мерекесі. Бұл күн құрмет пен алғысқа бөленген, Гиппократ антын қабылдап, қай кезде болмасын әрдайым сенімділікті сақтайтын, асқан шеберліктің иесі ақ халатты абзал жандардың мерекесі. Гиппократқа берген антына адал болып, талай ата-ананың, талай бүлдіршіннің алғысына бөленіп жүрген, халық игілігіне аянбай еңбек етіп жүрген ақ халатты абзал жан Скакова Нұргүл Жанайқызы 1974 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген.
1992 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтына «Педиатрия» факультетіне түсіп, оны 2000 жылы бітіріп шықты.
Жалпы еңбек өтілі 22 жыл. Еңбек өтілін сол жылы Қызылорда қалалық № 6 емханада дәрігер – педиатр болып бастаған. Өзі қызмет жасаған кезінде қалалық денсаулық сақтау бөліміне қарасты емдеу және алдын-алу мекемелерінің жұмысын жақсартуға біршама үлесін қосты.
2018 жылдан бері Облыстық мамандандырылған сәби үйінде балалар дәрігері болып жұмыс жасап келеді. Осы Сәби үйінде қызмет жасаған кезінде Сәби үйінің жұмысының жақсаруына, бала күтімі мен тәрбиесіне, денсаулығына, алдын-алу шараларының өз деңгейінде жүргізілуіне үлесін қосып, аянбай еңбек етті және қызметкерлерге де үлкен талап қоя білді. Сонымен қатар басқа да қоғамдық іс – шараларға белсене араласып өзі қызмет жасап отырған ұжымның беделінің көтерілуіне, абыройына аса мән беретін беделді қызметіне адал, жауапкершілігі жоғары маман. Осы тынымсыз еңбегі бағаланып, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бірнеше рет алғыс хатымен, облыс әкімінің «Құрмет грамотасымен», Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төс белгісімен марапатталды.