Халыққа сапалы медициналық көмек көрсету басты міндет !!!
Адам өмірін ұзартуға септігін тигізіп, ажалдан арашалаушы дәрігер мамандығын халқымыз ежелден қастерлеп, құрметтеген. Бүгінгі таңда Қазақстандықтардың денсаулығын жақсарту – еліміздің мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі. Елімізде денсаулық саласын дамыту, тұрғындарға заман талабына сай, қолжетімді және сапалы медициналық қызмет көрсету жолында бар мүмкіндіктер жасалуда. Ал осы халыққа сапалы әрі уақытылы медициналық көмек көрсетілуін бақылап, әр түрлі мониторинг жүргізіп, халықтың өтініштерін қабылдап, медициналық көмектің сапасын жақсартуға барынша ат салысып жүретін медициналық қызметкерлер ол, әрине пациентті қолдау және ішкі аудит мамандары немесе медициналық көмектің сапасын бақылау қызметінің мамандары. Осы ретте, жас та болса, осы медициналық көмектің сапасын бақылау саласында жұмыс атқарып, осы саланың дамуына ат салысып жүрген мекемеміздің аудит дәрігері Мәдреймов Марат Қилыбайұлы.
Марат Қилыбайұлы 2015 жылы Ақтөбе қаласындағы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің қоғамдық денсаулық факультетін ойдағыдай бітіріп, еңбек жолын сол жылы Ақтөбе облыстық кеңес беру – диагностикалық орталығында дәрігер статистик болып бастаған.
2015 – 2017 жылдар аралығында Ақтөбе облыстық кеңес беру диагностикалық орталығында дәрігер статистик, Жылжымалы медициналық кешеннің жетекшісі қызметтерін атқарған.
2017 жылы туған елге оралып, 2020 жылға дейін Қызылорда қаласындағы облыстық балалар ауруханасында дәрігер эксперт болып қызмет атқарды.
2020 жылдан бастап облыстық мамандандырылған сәби үйінде дәрігер аудит қызметін абыроймен атқаруда. Қазіргі таңда ел медицинасы үшін медициналық қызметтің сапасын бақылау қызметтері, оның ішінде дәрігер аудит мамандары жұмысының орны бөлек, себебі халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттыру мемлекетіміздің алдына қойған басты мақсаттарының бірі болып табылады. Және де медициналық мекемелерде көрсетіліп жатқан медициналық көмектің сапасына әрдайым мониторинг жүргізіп, бақылап, емделушілерден және олардың туыстарынан түсетін өтініш, шағымдарға уақытылы ден қойып, талдап, оңтайлы шешімін табу да оңай шаруа еместігі анық.
Осы уақытқа дейін Марат Қилыбайұлы бірнеше рет облыс деңгейіндегі талдау комиссияларының құрамына еніп, мониторинг, анализ жасау жұмыстарына белсене қатысып жүрген маман. Сонымен қатар, дәрігер қоғамдық жұмыстарға, оның ішінде республика, облыс деңгейінде дәрігерлер арасында өткізілетін спорттық шараларға белсене қатысып, жоғарғы деңгейде өнер көрсетіп, салауатты өмір салтын сақтау үлгісін көрсетіп жүр десек, артық айтқанымыз емес.