Облыстық мамандандырылған сәби үйінің 2021 жылдық есеп беру жиналысы
01.02.2022 жылы облыстық мамандандырылған сәби үйінің мәжіліс залында Облыстық денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің бас педиатры Сақтағанова Ғазиза Абдуғаппарқызының қатысуымен облыстық мамандандырылған сәби үйінің 2021 жылдық есеп беру отырысы өтті. Отырыста сәби үйінің бас дәрігері Ержанова Гүлсім Естайқызы 2021 жылы атқарылған жұмыстар, мекеменің және мекеме қызметкерлерінің жеткен жетістіктері туралы есеп берді.
Кәсіпорында облыс бойынша жетімдіктің алдын алу, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды барынша биологиялық отбасына қайтаруға мүмкіндік жасау, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың және өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға медициналық, әлеуметтік, логопедиялық, психологиялық көмек көрсету жұмыстары атқарылуда. 2021 жылы облыстық мамандандырылған сәби үйі бойынша аурушаңдық деңгейі біршама төмендеген, оның ішінде тері аурулары, фондық патологиялар, тыныс алу жүйесі патологиялары бойынша аурушаңдықты біршама төмендетуге қол жеткізілді.
Өткен жылы демеушілік көмекпен «Биоптрон PRO-1», КАСКАД ФТО гальванизаторы сияқты эффективтілігі жоғары медициналық аппараттар алып, бүлдіршіндеріміздің игілігіне пайдаланылуда. Психикалық және тірек-қимыл аппараты бұзылған балалардың мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында Облыстық Денсаулық Сақтау Басқармасының бұйрығы негізінде кәсіпорында «Балаларды оңалту тобы» ашылып, жұмыс жасап жатыр. Ментальды жүйені жақсарту мақсатында толық жабдықталған «Сенсорлық бөлме» ашылды. Тірек - қимыл аппараты ақаулары бар балаларға вертикализатор, ортокілемшелер, гимнастикалық үшбұрыш, швед қабырғасы алынып, оңалту жұмыстары жүргізілуде. Және де демеушілік көмек арқылы аллергиялық аурулардың, бронхо өкпелік дерттерді емдеу үшін кәсіпорында «Солевая шахта - тұзды шахта» құрылысы жүруде.
Сонымен қатар отырыстың соңында кәсіпорынның алға қойған мақсаттары, мәселелері талқыланып, оның шешу жолдары мен кәсіпорынды дамыту жолдары талқыланды. Жылдық қорытынды қабылданып, сәби үйі жұмысына өте жақсы баға берілді.
https://qzosabiler.kz/kz/zhanaly-tar/206-oblysty-mamandandyryl-an-s-bi-jini-2021-zhyldy-esep-beru-zhinalysy.html#sigFreeIdd8c850fb2e